Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қола жүлде маған шабыт берді": Ғұсман Қырғызбаев келесі Олимпиадаға да қатысатынын айтты

Жарияланған күні:

Қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев
Қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев. Фото: Michael Reaves/Getty Images

Париж Олимпиадасында қола жүлде жеңіп алған қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға қатысуды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

"Париж Олимпиадасынан кейін бапкеріммен ақылдаса келе 2028 жылы өтетін Олимпиадаға қатысу туралы шешім қабылдадық. Лос-Анджелеске дейін күресе беруді көздеп отырмыз. Парижде алған қола медаль маған шабыт берді. Жарақат, алаңдататындай мәселе жоқ. Денсаулығыма еш шағымым жоқ. Дзюдо – менің жұмысым. Қолдан келгенше келесі Олимпиадаға қатысамыз деген ниеттеміз. Соған аянбай еңбек етіп, жұмысты жалғастырамыз", - деді Ғұсман Қырғызбаев Youtube желісіндегі "Beren live" арнасына берген сұқбатында.

Еске салайық, Ғұсман Қырғызбаев Париж Олимпиадасында 66 кг салмақ дәрежесінде белдесті. Ол алғашқы кездесуінде испаниялық дзюдошы Дэвид Гарсияны жеңсе, 1/8 финалда Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері, Оңтүстік Корея өкілі Ан Баулдан, ал ширек финалда Олимпиада қожайыны – Франция құрамасының спортшысы Валид Кхярдан басым түсті.

Бірақ қазақстандық дзюдошы жартылай финалда Бразилия өкілі Виллиан Лимаға есе жіберді. Ал үшінші орынға таласта сербиялық дзюдошы Страхинья Бунчичті жеңіп, қола жүлде еншілеген болатын.

Осыған дейін Ғұсман Қырғызбаевқа жерлестері құрмет көрсетіп, сәйгүлік мінгізгенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2153238-qola-zhulde-magan-shabyt-berdi-gusman-qyrgyzbaev-kelesi-olimpiadaga-da-qatysatynyn-aitty/