Қазақстандық балуан Оңдасын Хамитов Испанияның Понтеведре қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Грек-рим күресінен 60 кг салмақта белдескен Оңдасын Хамитов үшінші орынға таласта жапон балуаны Кохаку Каназаны 9:0 есебімен жеңді.
Айта кетейік, Оңдасын Хамитов әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде үндістандық Мохит Нарвалды 12:2 есебімен жеңген еді. Кейін 1/8 финалда мексикалық Даниэль Пиментелден басым түссе (9:0), ширек финалда мажарстандық Эдмонд Домокостан айласын асырды (9:0). Бірақ жартылай финалда түркиялық спортшы Сервет Ангиге есе жіберген болатын (9:8).
Испаниядағы әлем чемпионатында күрескен тағы екі қазақстандық балуан Айбек Айтбеков (55 кг) пен Темірлан Тұрдақын (87 кг) қола жүлде жеңіп алған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2157294-kuresten-alem-chempionaty-qazaqstandyq-baluan-qola-zhulde-zhengip-aldy/