Испанияның Понтеведра қаласында өткен күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаты бірқатар жас балуанның шеберлігін танытты. Келешегінен үміт күттіретін еркін күрес шеберлері спорт мамандарын таңдай қақтырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы уақытта әлемдік жарыстарда фавориттер қатарында АҚШ, Иран, Ресей және Жапония құрамалары бар. Бұл елдердің еркін күрес шеберлері тамаша нәтижелер көрсетуде. Мысалы Испанияда өткен әлем чемпионатында америкалықтар командалық есепте жеңіске жетті –олардың он спортшысының тоғызы медальмен оралды. Бұл көрсеткіш олардың Иранды (екінші орын) және Жапонияны (үшінші орын) басып озуына мүмкіндік берді. Бұл бәсекеге ресейлік балуандар да араласа алады. Бірақ қазіргі кезде олар нейтралды ту астында өнер көрсетуде.
Ал көп ел жарысқа мүлде жас спортшыларды жіберді. Олар қазақстандық Ризабек Айтмұхан сынды тым танымал емес.
Ризабек әлем чемпионатының басты қаһарманы болды. Ол Испанияға ересектер арасындағы әлем чемпионы деген атпен келген еді. Біздің балуанның 97 салмақтағы алтын медальді алатынына күмән келтіргендер көп емес. Оның салмағындағы балуандар да айтарлықтай адуынды болған жоқ. Мүмкін Ризабектің барлық белдесуде басымдық танытқаны басқалардың шеберлігін тасада қалдырған шығар. Себебі финалдық белдесуде де Айтмұхан қарсыласқа айла қалдырмады. Осыдан соң Ризабектің жаңа салмақта ересектер арасындағы мүмкіндігін жоғары бағалап жатқандар көп.
Ризабек Айтмұхаанның 97 кг салмақтағы басты балуан атағына таласуына мүмкіндік мол. Әрине бәсекелестік өте жоғары. Алайда қазақстандық еркін күрес шеберінің техникалық базасы, интеллекті өте жоғары. Сондықтан Ахмед Тажудинов (Бахрейн), Кайл Снайдер (АҚШ), Абдулрашид Садулаев (Ресей), Амир Али Азарпира (Иран) сынды алыптармен белдесуге шамасы әбден жетеді.
Қазан айында Ризабек 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігіне қатысады. Осылайша, әлемдік жарыста тағы да көзге түсетін мүмкіндік алды.
Түркіменстандық Алп Арслан Бегенджов Испанияда өте жарқын өнер көрсетті. Ол 79 кг дейінгі салмақ дәрежесінде нағыз үстемдік орнатып, бірде-бір ұпай жібермей, жалпы 46:0 есебімен "алтын" медальді иеленді. Финалда ол дарынды америкалық Закари Райдерді тоқтатты. Айта кету керек, Алп Арслан Түркіменстан тарихында U-20 жас санатында әлем чемпионы атанған алғашқы спортшы болды. Қазірдің өзінде оның болашағына үмітпен қараушылар көп. Ал балуан болса, әзірге арық айтып, семіз шығуды көздейді.
"Ересектер арасында әлем чемпионы атану үшін маған тынымсыз жаттығу керек. Әзірге, мен мұндай деңгейде күресу үшін айтарлықтай мықты емеспін", - деді балуан UWW-ге берген сұқбатында.
Бұл дивизионда ирандық Әли Махмұд Хоррамдель топ жарды. Ол турнирде ең мықты деген балуандарды ұтты. 1/8 финалда түркиялық балуаннан ұтылып жатып, 12:11 есебімен жеңісті жұлып алды. Кейін Әзірбайжан, Ресей балуандарын мінездің арқасында жеңіп, финалда жапондық Макото Хосакаваны 10:2 есебімен ұтты. Мұндай ауыр топта көш бастау оның болашақ әлеуетінің көрінісі екенін ұмытпаған жөн.
61 кг салмақта жапондық Оно Масаносуке топ жарды. Ол Айтмұхан мен Бегенджов сынды, алтынға барар жолда ешкімді бұйым көрмеді. Бүгінде ол талантты балуандар тізіміне енеді. Көптеген жанкүйер оның ересектер арасындағы әлем біріншілігінде жарқырайтынына сенімді.
Қазақстандық Камиль Куруглиевтің де аяқ алысы жаман емес. Ол 92 кг салмақта қола медальға қол жеткізді. Үшінші орын үшін күресте Камил ирандық Амирреза Далириден басым түсті. Жалпы турнирде Грузия және Түркия балуандарын жеңіп, жартылай финалда болашақ чемпион, ресейлік Мұстафагаджи Малачдибировке жол берді. 0:5 есебімен ұтылса да, атақты қарсыласынан сескенген жоқ. Егер қажетті деңгейде дайындалса, Камилдің талай белестерді бағындыратыны анық.
Ибрагим Кадиев (Ресей) соңғы әлем чемпионатында сенімді өнер көрсетті. 86 кг дейінгі салмақтағы қарсыластарымен салыстырғанда ол әлдеқайда мықты көрінді. Айтпақшы, Қадиев Испанияға 20 жасқа дейінгі әлем чемпионы атағын қорғау үшін келген болатын, бұл атақты тағы да бағындырды. Америкалық Джошуа Барр финалда 2:8 есебімен ұтылып, дәрменсіздік танытты.
Испанияда жасындай жарқыраған балуандар арасында америкалық Люк Лилледаль да бар. Ол ең жеңіл салмақ – 57 кг салмақта чемпион атанды. Соңғы жылдары Люк түрлі жас санатындағы төрт әлем чемпионатының финалында күрескен. Оның еншісінде әлем біріншіліктерінің екі алтын, екі күмісі бар. Өз командасында ол өте танымал. Енді америкалық спортшы ересектер арасында атой салуға тырысады. Ал финалдағы ресейлік балуанмен айқас күресу мәнеріне байланысты қиындау соққан.
"Лев екеуміз күрескенбіз. Ол белдесу кезінде көп әрекетке бармайды. Ал мен кілемде белсенді болғанды қалаймын. Бұл күресу мәнері. Бұрын күрескендіктен, екеуміз де бір-бірімізді жақсы білеміз. Алда атқаратын жұмыс көп", - деді балуан UWW берген сұқбатында.
Айта кетейік, Албанияның Тирана қаласында 21-27 қазан аралығында өтетін 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем біріншілігінде Ризабек Айтмұхан сынға түспек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2165275-kelesheginen-umit-kuttiretin-baluandar-qatarda-rizabek-aitmuhan-da-bar/