RU
Спорт
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.

Зектілері

"Қыздардың көбі тек жалақы үшін жүр": әйелдер күресінен бас бапкер ұлттық құрамадағы проблемаларды ашық айтты

Жарияланған күні:

Қайрат Сағадиев
Қайрат Сағадиев. Фото: instagram.com/wrestling_team.kazakhstan

Иорданияда өткен күрестен Азия чемпионатын Қазақстан әйелдер құрамасы екі медальмен аяқтады. Жәмиля Бақбергенова құрлықтағы төртінші алтынын алса, жас балуан Зейнеп Баянова қола жүлде иеленді. Бес балуан бесінші орыннан көрінген. Күні кешеге дейін Олимпиададан медаль алып келген балуан қыздардың деңгейі неге төмен және командадағы жүйенің әлсіреп кеткені рас па? Әйелдер күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Қайрат Сағадиев жауап берді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.

"Ең  алдымен, осылай нашар күрескеніміз үшін халықтан кешірім сұраймын. Негізі, дайындыққа барынша жағдай жасалып жатыр. Олимпиада  ойындарынан кейінгі құрлық біріншіліктері қашан да қиын өтеді. Жазғы ойын қарсаңында салмақ ауыстырып, төртжылдық додасына дайындалған балуандар түгел өз салмақтарына оралады. Сөйтеді де, Азия чемпионатында кескілескен айқасқа шығады.

Мәселен, Олимпиада қарсаңындағы құрлық біріншіліктерінде кей салмақтарда қатысушы аз болып, айналмалы жүйе арқылы күресіп шығады. Ал жазғы ойындар өткен соң, бір салмақта жиырмадан аса қыз белдеседі. Кешегі Амманда да дәл осылай болды.

Біздің күресіміз жайлы не айтамыз? Әрине, техникалық қателіктер көп. Қыздардың қорғанысы  әлсіз. Мұны жасырмаймын және бұрыннан айтып келе жатырмын. Қарсыластың  шабуылына   төтеп бере алмасақ, қорғана алмасақ, жеңіс туралы ойлау  қиын", - дейді ол.

Сонымен бірге ол өз сұқбатында балуан қыздар нәпақа табу үшін, тұрақты айлық алу үшін ғана жүргенін айтты.

"Құраманың қыздары маған екі апталық   оқу-жаттығу жиынында  ғана келеді. Қалған уақыттың бәрінде олар жеке жаттықтырушымен жұмыс істейді. Өкінішке қарай, жеке бапкерлері де 1040 балуанды баптайтындықтан, әлемдік деңгейде күресетін қыздарына көп көңіл бөлмейді. Себебі, оған да ақша  тауып, отбасын асырау керек. Бапкердің айлығы көп болмаған соң, бірнеше команданы, бірнеше  қызды жауапкершілігіне алып алады.

Ойлаңызшы, маған балуан қыздар екі аптаға келеді. Сол кезде мен олармен не істеп үлгеремін?  Екі аптада қалай бұлшық етін өсіремін? Екі  аптада айтқан ақыл-кеңесім жылдар бойы дұрыс жаттықпаған қызға не болады?

Жаттығу жиынына  да жеке бапкерлер келмейді, себебі, басқа оқушыларын қараусыз қалдырмай, басқа да жарыстарға баруы керек. Ал жеке бапкері жоқ  қызды командаға бейімдеп, оның көңіл-күйін реттеп, тілін табу  да оңай  шаруа емес. Декреттік демалыстан келетін балуандар туралы әңгіме, тіпті, бөлек.

Осы  орайда, біздің жеке жаттықтырушыларға да қойылатын талап жоқ. Егер  оларға: "Шәкіртіңе көңіл бөл! Нәтиже  беретін қыздармен ғана айналыс" деп, шарт қойса, соған тиісті жалақы берсе, дәл бұлай қауқарсыз болмас едік. Себебі, балуан қыздар менен гөрі, өзінің жаттықтырушысымен көбірек жүреді  ғой. Олардың сырын бала кезінен баптаған мамандар біледі.

Өкінішке қарай, бізде күреске деген жанашырлық жоқ. Балуан қыздардың көбісі тек жалақы үшін жүр. Кейбір қыздарға Азиядан, әлемнен медаль алу мақсат емес. Қазақстан біріншілігінде үздік үштікке кіріп, тұрақты айлығын алып тұрса, болды. Олардың осындай мақсатын біле  тұра, мен айлықтан қыса алмаймын. Өйткені,  ол ел  чемпионатында үздік үштікке еніп отыр. Заңды түрде жалақыға ілікті.  Егер мен қысқартатын болсам, сотқа  береді. Мәселен, қырыққа келген Елена Шалыгина әлі жүр деп, бетіме  басатындар көп. Сол Шалыгина соңғы  үш чемпионатта әділетті түрде жеңді. Мен оның жалақысын қалай қысқартамын? Біздің күрестің жағдайы   осындай. Өкінішке қарай…", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2233320-qyzdardyng-kobi-tek-zhalaqy-ushin-zhur-aielder-kuresinen-bas-bapker-ulttyq-quramadagy-problemalardy-ashyq-aitty/

Жарияланымға реакцияңыз?

Пікірлер жүктелуде

jitsu gif