Италиялық "Ювентус" футбол клубының шабуылшысы Криштиану Роналдудан коронавирус анықталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Португалия Футбол федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Баспасөз қызметі жария еткен ақпаратқа сәйкес, 35 жастағы футболшы коронавирус жұқтырғанына қарамастан, өзін жақсы сезінеді.
Ол ауру белгілері жоқ болса да, өзгелерден оқшаулануды ұйғарған екен. Себебі COVID-19-ға тапсырған тест оң нәтиже көрсетіпті.
Өкінішке қарай, футболшы әзірге жаттығу ойындарына қатыса алмайды. 14 қазан күні футбол клубы Швецияның командасымен кездеседі. Криштиану бұл ойынға қатыса алмайтын болды.
Айта кетсек, Криштиану Роналду ұлттық құраманың үздік бомбардирлеінің бірі болып табылады. Ол 167 матчта барлығы 102 гол салған.
2018 жылдың жазынан бастап "Ювентуске" қосылған футболшы бұған дейін "Реал", "Манчестер Юнайтед" , "Спортинг" командаларында болған.
Еске салсақ, бұған дейін жыл соңына қарай қазақстандықтарда COVID-19-ға қарсы иммунитет болмауы мүмкін екенін жазған болатынбыз. Денсаулық сақтау министрі коронавируспен жазда ауырғандар дертті қайта жұқтыруы ықтимал екенін мәлімдеген.
Одан бөлек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың екінші толқыны жоқ екенін мәлім етті. Бұл жөнінде ұйымның төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық директоры Дорит Ницан "Пандемия 2020: қауіп-қатерлер, шешімдер, салдары" тақырыбында өткен халықаралық конференцияда айтқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/1879504-kristianu-ronaldu-koronavirus-zktyryp-aldy/