Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен Франция арасындағы кездесу аяқталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Матч Нұр-Сұлтан қаласындағы "Астана арена" стадионында өтті.
Ойынның небәрі он тоғызыншы минутында қонақтар есепті ашып, алға шықты. Гол авторы Усман Дембеле. "Барселона" клубының шабуылшысы "Манчестер Юнайтед" ойыншысы Антони Марсьяльдің пасын сәтті пайдаланғанын айта кеткен жөн.
Осыдан кейін Қазақстан мен Франция құрамалары алма кезек шабуыл жасады. Алайда қонақтардың мерейі үстем болып, бірінші таймның соңғы минутында олар есепті еселеді. Бұл жолы отандасымыз Сергей Малый өз қақпасына гол соғып алды.
Екінші таймда қос құраманың бапкерлері де бірқатар ойыншыларын алмастырды. Олардың арасында әлемнің ең қымбат ең футболшысы Киллиан Мбаппенің гол ұратын тамаша мүмкіндігі болды. 75-минутта оның он бір метрлік айып добынан орындаған соққысын Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Александр Мокин қайтарды.
Осылайша, алаң иелерінің футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы алғашқы матчы 0:2 есебімен аяқталды.
Ал бұл Франция құрамасының екінші матчты. Олар іріктеу кезеңінің алғашқы матчында Украинамен тең ойнады (1-1).
Айта кетейік, FIFA жариялаған соңғы рейтингте Франция екінші орында тұр. Ал Қазақстан онда 122-орында келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/1905054-futboldan-qazaqstan-ulttyq-quramasy-oz-alanynda-franciyadan-utyldy/