"Манчестер Сити" Англия премьер-лигасының соңғы турында өз алаңында "Астон Вилланы" ұтып, екінші жыл қатарынан Англия чемпионы атанды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Матч 3:2 есебімен аяқталды.
Бірінші таймда "Астон Вилла" клубының қорғаушысы Мэттью Кэш қонақтарды алға шығарды, ойынның екінші жартысында Фелиппе Коутиньо есепті еселей түсті.
70-минутта Хосеп Гвардиола алаңға Илкай Гюндоғанды шығарды. Германия футболшысының қосылуымен "Манчестер Сити" басымдықты түбегейлі қолына алды. Нәтижесінде ұжым алты минут ішінде қарсылас қақпасына үш гол соқты.
Гюндоган дубль жасаса, Родри бір мәрте мергендігімен көзге түсті.
Осылайша, "Манчестер Сити" премьер-лиганың 38 турынан кейін 93 ұпай жинап, ел біріншілігінің жеңімпазы атанды. Екінші орынды "Ливерпуль" қанағат тұтса, үздік үштікті "Челси" қорытындылады.
Төртінші, бесінші, алтыншы орындарды "Тоттенхэм", "Арсенал", "Манчестер Юнайтед" клубтары өзара бөлісті.
Еске сала кетейік, бұған дейін "Милан" футбол клубы он бір жылдан кейін Италия чемпионатын жеңіп алғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/1970518-mancester-siti-songy-turda-angliya-birinsiliginin-zenimpazy-atandy-foto-video/