Астана қаласында Халықаралық футбол федерациялары қауымдастығының президенті Джанни Инфантиноның, сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі Қазақстанның футбол федерациясына сілтеме жасап.
Әділет Барменқұлов Инфантиноға Қазақстанға келген сапары үшін алғысын білдіріп, ФИФА басшысының келуі қазақстандық футбол үшін тарихи оқиға екенін атап өтті.
"Біздің еліміз үшін Инфантино мырзаның сапары тарихи сәт болып табылады және қолдау көрсеткені үшін оған алғыс айтқым келеді! Біз үшін балалардың бұқаралық футболдан кәсіби футболға қолайлы ауысуы өте маңызды. Соған орай, осы бағытты дамыту стратегиямыз бойынша біз еліміздің 20 қаласында бұқаралық футбол үшін футбол алаңдарын салуды жоспарлап отырмыз. Болашақта футболға пайда әкелетін және дамытатын футбол менеджерлері үшін білім беру бағдарламаларын ашамыз",– деді Әділет Барменқұлов.
Өз тарапынан Джанни Инфантино жылы қабылдағаны үшін алғыс білдіріп, Қазақстан ФИФА-ның маңызды серіктесі екенін жеткізді.
"Мен үшін осында болу және өз ұжымымен бірлесіп үлкен жұмыс атқарып жатқан Қазақстан футбол федерациясының президентіне келу үлкен мәртебе. Сіздердің әсем елдеріңізде футболды қалай жақсы көретінін көрудемін. Мен бұған дейін Қазақстанда болдым, бірақ ФИФА президенті ретінде алғаш рет келуім және Қазақстан футбол елі екенін сенімді түрде айта аламын. ФИФА мен Қазақстан үшін бұқаралық футбол өте маңызды. Сондықтан біз инфрақұрылымды дамытуға және жаңа спорт алаңдарын салуға бірлескен күш-жігермен инвестиция салатын боламыз. Бұл біздің болашағымыз үшін және футболды жақсы көретін балаларымыз үшін маңызды", – деді Инфантино.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2019295-qazaqstan-futbol-eli-fifa-prezidenti-baspasoz-maslixatynda-ne-aitty/