
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2024 додасына іріктеу кезеңі аясында Дания мен Финляндияға қарсы ойындарға қарқынды түрде дайындық жүргізіп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап.
Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны 6 қазан күні бастау алып, 12 қазанға дейін жалғасады.

Бүгін Алматы қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынына "Бешикташтың" жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов пен "Ахматтың" қорғаушысы Марат Быстров қосылды.

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев алда болатын кездесулерге дайындық қалай жүріп жатқанын айтып өтті.
"Командада көңіл-күй жақсы. Біз бір-бірімізді ұзақ уақыт бойы көрмедік. Алдағы ойындарға дайындық кезеңін бастап кеттік. Әзірге қатарымызға барлық спортшылар қосылып үлгерген жоқ. Өкінішті, әрине. Бірақ, қазірдің өзінде дайындық жаман емес. Ертеңнен бастап ойыншыларымыз қатарымызға қосылады. Тоғызынан бастап бізде оқу-жаттығу қарқынды түрде жүреді. Тактикалық және функционалды тұрғыда дайындаламыз. Бұл ойындардың маңыздылығын жақсы түсінеміз. Үлкен жауапкершілік тұр. Бапкерлер штабының белгілі бір жоспары бар. Ойын жүргізудің екі әдісі қарастырылған. Дайындық кезінде соны іске асырып, нақты шешім қабылдаймыз",- деді бапкер.

Магомед Адиевтің ойыншылары 14 қазан күні Дания құрамасына қарсы матч өткізеді. Кездесу Копенгаген қаласында "Паркен" стадионында болады. Ойын Астана уақытымен 00:45-те басталады.

17 қазан күні ұлттық құрамамыз Хельсинки қаласында Финляндия командасымен бақ сынасады. Матч "Олимпиястадионда" сағат 22:00-де өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2040377-arnaiy-zosparymyz-bar-qazaqstan-futbol-quramasy-daniyaga-qarsy-matcqa-daiyndyq-zurgizude/