УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің 5-турында "Барселона" футбол клубы "Портуды" 2:1 есебімен жеңіп, Месси кеткелі алғаш рет плей-офф кезеңіне жолдама алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Чемпиондар лигасының Н тобындағы 5-тур аясындағы кезекті матча испаниялық "Барселона" португалиялық "Портумен" кездесті. Ойын 2:1 есебімен алаң қожайындарының пайдасына шешілді. Матчта "Барселона" сапында Жоау Канселу (32) және Жоау Феликс (57) гол салды. Ал "Порту" ойыншысы Пепе 30-минутта қарсылас қақпасына гол соқты.
"Барселона" соңғы рет клубта Лионель Месси ойнаған 2020/21 жылғы маусымда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан болатын. Одан кейін екі рет үшінші орын алып, Еуропа лигасында өнер көрсетті. Хави бас бапкер болғалы да алғаш рет 1/8 финалға жолдама алып отыр.
"Барселонадан" бөлек "Лацио", "Атлетико", "Боруссия", "Манчестер Сити" және "Лейпциг" Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне шықты. Тағы қандай клубтардың 1/8 финалға жолдама алатыны 13 желтоқсан күні топтық кезеңнің шешуші матчында анықталады.
Топтық кезең аясында өткен матчтардың нәтижелері:
"E" тобы
"Лацио" (Италия) – "Селтик" (Шотландия) – 2:0;
"Фейеноорд" (Голландия) – "Атлетико Мадрид" (Испания) – 1:3.
"F" тобы
"ПСЖ" (Франция) – "Ньюкасл" (Англия) – 1:1;
"Милан" (Италия) – "Боруссия Дортмунд" – 1:3.
"G" тобы
"Манчестер Сити" (Англия) – "РБ Лейпциг" (Германия) – 3:2;
"Янг Бойз" (Швейцария) – "Црвена Звезда" (Сербия) – 2:0.
"H" тобы
"Шахтер" (Украина) – "Антверпен" (Бельгия) – 1:0;
"Барселона" (Испания) – "Порту" (Португалия) – 2:1.
Айта кетейік, УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің аяқталуына 1 тур қалды. Топта бірінші және екінші орын алған командалар плей-офф кезеңге жолдама алады. Ал үшінші орындағы ұжымдар Еуропа лигасына аттанса, соңғы орын алған клуб жарысты аяқтайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2048118-barselona-messi-ketkeli-algas-ret-cempiondar-ligasynyn-plei-off-kezenine-syqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.