
"Астана" футбол клубы Конференция лигасының топтық кезеңі аясындағы бесінші кездесуін өткізді. Қазақстандық команда өз алаңында хорватиялық "Динамо Загребті" қабылдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Алғашқы таймда есеп ашылмады. Ойынның 12-минутында "Астана" футболшысы Дембо Дарбо пенальти тепкенімен, мүлт кетті. Төреші қосымша 5 минут қосса да, есеп өзгеріссіз қалды.
Екінші таймның 48-минутында "Динамо Загреб" футболшысы Габриэль Видович "Астана" қақпасына гол соқты. Ал 75 минутта екінші сары қағазын алған Йованчич алаңнан қуылды.
"Динамо Загреб" футболшысы Такуро Канеко 79-минутта гол салып, есепті еселеді.
Осылайша "Астана Аренада" өткен матч 0:2 есебімен "Динамо Загреб" командасының жеңісімен аяқталды. Аталған клуб Конференция лигасының С тобында екінші орынға шықты.
Еске салайық, "Динамо Загреб" алғашқы турда өз алаңында "Астананы" 5:1 есебімен жеңген болатын. Ол ойында да алғашқы таймда есеп ашылмаған еді.
"Астана" футбол клубы – осы маусымда еурокубок ойындарының топтық кезеңіне дейін жеткен жалғыз қазақстандық команда.
Айта кетейік, "Астана" осы маусымда Қазақстан Премьер-лигасының күміс жүлдегерлері атанды. 26 ойында 53 ұпай жинаған елордалық ұжым "Ордабасы" (58 ұпай) командасынан 5 ұпайға қалып қойған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2048540-astana-komandasy-dinamo-zagrebten-zenildi/