Испания Суперкубогының бірінші жартылай финалында мадридтік екі клуб – "Реал" мен "Атлетико" кездесті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Сауд Арабия астанасы Эр-Риядта өткен матчта "Реал Мадрид" 5:3 есебімен жеңді.
Ойынның 7-минутында "Атлетико Мадрид" cапынан Марио Эрмосо бұрыштамадан гол соқты. "Реал Мадрид" сапынан Антонио Рюдигер есепті теңестірді. Ал Ферлан Менди "Реалдың" басымдығын арттырды. Бірақ 37-минутта "Атлетико" шабуылшысы Антуан Гризманн көзге түсіп, қарсыластың есепте алға шығуына жол бермеді. 78-минутта "Реал" қорғаушысы Антонио Рюдигер қателесіп, өз қақпасына гол салды. Жағдайды оның командаласы Даниэль Карвахаль түзетіп, есепті 3:3-ке жеткізді. Негізгі уақыт тең есеппен аяқталды.
Қосымша уақытта "Реал" сапынан Хоселу (116) мен Браим Диас (120+2) гол салды. Осылайша "Реал" командасы Испания Суперкубогының финалына жолдама алды.
11 қаңтар күні екінші жартылай финалда "Барселона" мен "Осасуна" кездеседі. Жеңген команда финалда "Реалға" қарсы ойнап, Суперкубокқа таласады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2054920-real-madrid-futbol-kluby-ispaniya-superkubogynyn-finalyna-zoldama-aldy/