Бүгін, 15 қаңтарда Сауд Арабия астанасы Эр-Риядта Испания Суперкубогының финалы өтті. Мадридтік "Реал" аталмыш турнирді 13 рет жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Эр-Риядта өткен Испания Суперкубогының финалында "Реал Мадрид" пен "Барселона" футбол клубтары кездесті. 90 минутқа созылған матч нәтижесі бойынша Карло Анчелоттидің шәкірттері 4:1 есебімен жеңіп, мадридтік клуб тарихындағы он үшінші Испания Суперкубогын жеңіп алды.
Джуд Беллингемнен пас қабылдаған Винисиус Джуниор матчтың 7-минутында есеп ашты. Араға 3 минут салып бразилиялық шабуылшы дубль авторы атанса, матчтың 40-минутында пенальтиден гол соғып, үшінші голын салды. Ал "Барселона" футбол клубы Левандовскидің жалғыз голымен жауап берді. Ойынның соңғы голын "Реалдың" шабуылшысы Родриго соқты (64-минут).
Айта кетейік, "Реал Мадрид" футбол клубы Испания чемпионатының турнирлік кестесінде 48 ұпаймен 2-орында келе жатыр. Десе де 1-орындағы "Жирона" командасына қарағанда 1 ойын кем өткізген. "Жирона" футбол клубында 20 матчта 49 ұпай. Ал "Барселона" ұжымы 41 ұпаймен 4-орынға жайғасқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2055410-real-madrid-futbol-kluby-ispaniya-superkubogynyn-cempiony-atandy/