Алматылық "Қайрат" футбол клубының ойыншысы Артур Шушеначев израильдік "Хапоэль" Беэр-Шева командасына ауысты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Қайрат" клубының Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
25 жастағы шабуылшы "Қайрат" cапына 2017 жылдың көктемінде қосылып, сол маусымда негізгі команда құрамында дебют жасаған еді. Ал 2018 жылы Қазақстан кубогын жеңіп алса, 2020 жылы Қазақстан чемпионы атанды. Артур 2021 жылы еурокубоктың топтық кезеңінде дебют жасап, финалда шешуші гол соғу арқылы команданың Қазақстан кубогын екінші рет жеңіп алуына көмектесті. Сол жылы барлық ресми матчта 23 гол салып, қазақстандық футболшылар арасында үздік сұрмерген атанды.
Артур "Қайрат" командасында барлығы 128 матч өткізіп, 45 голмен және 9 нәтижелі паспен көзге түсті.
"Қайрат" ФК-ның үлкен ұжымы Артурға атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, алдағы мансабында толағай табыс тілейді!", – делінген алматылық клубтың Instagram-дағы жазбасында.
Израильдің "Хапоэль" Беэр-Шева футбол клубы Instagram желісінде Артур Шушеначевті ресми түрде таныстырды.
"Қазақстандық шабуылшы Артур Шушеначев клубпен үш жарым маусымға келісімшартқа отырды.
Артур соңғы жеті жыл бойы қазақстандық "Қайрат" сапында ойнап, 128 матч өткізіп, жергілікті турнирлерде 46 және еуропалық турнирлерде 16 гол соқты. Артур Қазақстан құрамасында алты матч, сондай-ақ жастар командаларында алты ойын өткізген.
Артур келісімшартқа қол қойғаннан кейін былай деді: "Мен осы клубқа қосылып, мансабымда жаңа сынақ бастайтыныма қуаныштымын. Ертең мен жаңа достарыммен жаттығуды бастаймын және "Тото Тернер" стадионында жанкүйерлермен кездесуді асыға күтемін", — делінген израильдік клубтың Instagram желісіндегі жазбасында.
Айта кетейік, Transfermarkt порталы Артур Шушеначевтің трансферлік нарықтағы құнын 600 мың еуроға бағалап отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2059549-qazaqstan-ulttyq-quramasynyn-futbolsysy-izrail-cempionatyna-auysty/