Түркияның Белек қаласында өтіп жатқан футболдан Қазақстан клубтары арасындағы "Winter Cup" турнирінің қола жүлдегері анықталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
"Елімай" және "Ақтөбе" футбол клубтары "Winter Cup" турнирінің үшінші орнына таласты. Матчтың негізгі уақыты 2:2 есебімен тең аяқталды. Ал пенальти сериясында "Ақтөбе" командасы басым түсіп, жеңіске жетті (3:2).
Енді бүгін, 21 ақпанда "Ордабасы" мен "Тобыл" командалары финалда кездеседі. Жеңген клуб 60 млн теңгеге ие болса, екінші орын алған команда 40 млн теңгеге қол жеткізеді. Кездесу Астана уақытымен 20:30-да басталып, Qazsport телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Айта кетейік, маусым алдындағы "Winter Cup" турнирі Қазақстан футболының тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибянның айтуынша, маусым басталмай тұрып, осындай турнирлерді өткізу Еуропаның жетекші лигаларында қалыпты үрдіске айналған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2062251-futboldan-winter-cup-turnirinin-qola-zuldegeri-anyqtaldy/