Ұлттық құрамалар футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шыққаны үшін қанша төлемақы алатыны анықталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ УЕФА ұйымының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Еуро-2024 турниріне жолдама алған барлық команда 9,25 миллион еуро (4,5 миллиард теңге) алады. Ал турнирдегі матчта жеңіске жеткені үшін миллион еуро бонус қарастырылған. Егер матч тең есеппен аяқталса, ойынға қатысқан екі команданың әрқайсысына 500 мың еуродан беріледі. Қазақстан құрамасы да Ұлттар лигасының плей-офф матчтарында сәтті өнер көрсетсе осындай көлемде ақша алады.
Магомед Адиевтің шәкірттері 22 наурызда Грекияны жеңіп, 26 наурызда Грузия – Люксембург жұбының жеңімпазынан басым түсетін болса, онда команданың табысы 9,25 миллионнан 28,25 миллион еуроға (13,85 миллиард теңге) дейін өзгеруі мүмкін.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан құрамасы 21 наурыздан 22 наурызға қараған түні Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Грекияға қарсы ойын өткізеді. Матч сағат 00:45-те басталады және "Qazsport", "Qazaqstan" телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.
Еске салайық, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Грекияға жеткенін жазғанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2071536-qazaqstan-quramasy-europa-cempionatyna-syqsa-qansa-tabys-tabady/