Еуропа чемпионатының екінші турында кездескен Англия мен Дания құрамалары 1:1 есебімен тең тарқасты. Англия алға шықса да, Дания дес бермеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Еуропа біріншілігінің С тобында өнер көрсететін Англия және Дания құрамалары "Франкфурт Аренада" кездесіп, тең ойынды қанағат тұтты.
Ойын есебін ағылшындықтар ашқан болатын. Матчтың 18-минутында Англия құрамасының капитаны Хари Кейн даниялық Каспер Шмейхельдің қақпасынан саңылау тапты.
Ал даниялықтар бірінші таймның 34-минутында есепті теңестірді. Андреас Кристенсеннен доп алған Мортен Юльманн 30 метр қашықтықтан қақпаға соққы жасап, гол соғады.
Ойын соңына дейін осы есеп сақталып, матч 1:1 есебімен тең аяқталды.
Ал осы С тобында өнер көрсетіп жатқан Словения мен Сербия құрамалары да 1:1 есебін тіркеп, өзара мықтыны анықтай алмады. Сөйтіп, бұл топтың турнирлік кестесінде Англия 4 ұпай жинақтап көш бастаса, Дания мен Словения құрамалары екі ұпаймен одан кейінгі орындарға жайғасты. Ал екі ойында 1 ұпай жинақтаған Сербия құрамасы турнирлік кестенің соңында тұр.
Айта кетейік, С тобындағы Англия – Словения, Дания – Сербия құрамалары арасындағы үшінші тур ойындары 25 маусым күні өтеді. Еуропа чемпионаты 14 шілдеге дейін жалғасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2121312-euro-2024-angliia-men-daniia-quramalary-ozara-myqtyny-anyqtai-almady/