Еуропа біріншілігінің екінші турында F тобында өнер көрсететін Грузия мен Чехия құрамалары кездесті. Тартысқа толы ойында қос команда тең нәтижені қанағат тұтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл матч Гамбург қаласында орналасқан "Фолькспаркштадион" стадионында өтті.
Ойын есебін алғаш болып грузиялықтар ашты. 45+4 минутта Грузия құрамасының шабуылшысы Джордж Микаутадзе пенальтиді мүлтіксіз орындап, матчтағы алғашқы голды соқты.
Ал чехиялықтар екінші таймда таразы басын теңестірді. 59-минутта бұрыштамадан көтерілген допты қақпаға бағыттаған шабуылшы Патрик Шик есепті 1:1 етеді. Айта кетейік, бұл Патрик Шиктің Еуропа біріншілігі тарихында соққан алтыншы голы.
Ойын соңына дейін осы есеп сақталды. Қос команда бір-бір ұпайдан бөлісті.
Айта кетейік, F тобындағы бірінші тур ойындарында қос команда да жеңіліс тапқан болатын. Грузия Түркиядан 1:3 есебімен, ал Чехия Португалиядан 1:2 есебімен жеңілді. Ал екінші тур аясындағы Португалия - Түркия матчы бүгін 21:00-де болады.
Топтық кезеңдегі Грузия - Португалия, Чехия - Түркия құрамалары арасындағы соңғы ойындар 26 маусым күні өтеді.
Германиядағы Еуропа біріншілігінде 24 құрама бақ сынап жатыр. Топтық кезең 26 маусымға дейін жалғасса, плей-офф кезеңі 29 маусымда басталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2122203-euro-2024-gruziia-men-chehiia-quramalary-upai-bolisti/