Футболдан Еуропа чемпионатының екінші турында Португалия құрамасы Түркияны ұтып, мерзімінен бұрын плей-офф кезеңіне жолдама алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
F тобындағы екі құрама Дортмундта (Германияда) кездесті. Бұл ойын 3:0 есебімен португалиялықтардың пайдасына шешілді.
Матчтың 21-минутында Португалия құрамасының ойыншысы Бернарду Силва есеп ашты. 7 минуттан кейін Түркия командасының қорғаушысы Самет Акайдин өз қақпасына гол соғып алды. Алғашқы тайм 2:0 есебімен аяқталды.
Екінші таймда португалиялық жартылай қорғаушы Бруну Фернандеш командаласы Криштиану Роналдудың пасын голға айналдырды. Осылайша, Португалия құрамасы 3:0 есебімен жеңіске жетіп, F тобында 6 ұпаймен көш бастады да, Еуро додасының плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Айта кетейік, Португалия құрамасы бірінші турда Чехияны 2:1 есебімен жеңсе, Түркия командасы Грузиядан 3:1 есебімен басым түскен еді. Енді 26 маусымда үшінші тур аясында Португалия – Грузия, Чехия – Түркия матчтары өтеді.
Футболдан Еуропа чемпионаты Германияның 10 қаласында өтіп жатыр. Топтық кезең 26 маусымға дейін жалғасса, плей-офф кезеңі 29 маусымда басталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2122266-euro-2024-ronaldu-bastagan-portugaliia-quramasy-merziminen-buryn-plei-offqa-otti/