Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еуро-2024: Италия құрамасы соңғы минуттарда гол соғып, хорватиялықтарды сан соқтырды

Жарияланған күні:

Футболдан Италия ұлттық құрамасы
Футболдан Италия ұлттық құрамасы. Фото: Claudio Villa/Getty Images for FIGC

Еуро-2024 турнирінің В тобында өнер көрсететін Италия мен Хорватия құрамалары үшінші тур аясында кездесті. Тартысқа толы матчта италиялықтар соңғы минуттарда гол соғып, жеңілістің алдын алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

В тобының қос мықтысы – Италия мен Хорватия құрамалары "Ред Булл Арена" (Лейпциг Штадиум) стадионында кездесті.

Ойынның 54-минутында төрешінің VAR-ды тексеру нәтижесінде Италия құрамасының жартылай қорғаушысы Давидэ Фраттезидің қолына доп тигені анықталып, Доннарумманың қақпасына пенальти белгіленеді. Ал Хорватия құрамасының капитаны Лука Модрич пенальтиден мүлт кетеді.

Пенальти
Пенальти. Фото: Julian Finney/Getty Images

Ал арада бір минут өтпей жатып, Хорватия құрамасы тағы шабуылдап, Лука Модрич өз дегеніне жетеді. Ойынның 55-минутында Анте Будимирдің соққысын қайтарған қақпашы Доннаруммадан кері серпілген допты Лука Модрич қақпаға тоғытады. Хорватия құрамасы 1:0 есебімен алға шықты.

Лука Модричтің Италия қақпасына соққан голы
Лука Модричтің Италия қақпасына соққан голы. Фото: Boris Streubel - UEFA/UEFA via Getty Images

Бірақ Италия құрамасы шабуылын күшейте түсті. Матч соңына дейін жанын салып ойнаған италиялықтар 90+8-минутта гол соғып, хорватиялықтарды сан соқтырып кетті. Гол авторы – шабуылшы Маттиа Дзакканьи.

Ойын 1:1 есебімен аяқталды.

Ал осы топта өнер көрсететін Испания мен Албания құрамалары үшінші тур аясында кездесіп, испаниялықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті.

В тобының үшінші тур ойындарының нәтижесі бойынша Испания 9 ұпаймен, Италия 4 ұпаймен плей-оффқа тікелей жолдама алды. Ал Хорватия құрамасы 2 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. Топтың соңғы орнын Албания құрамасы 1 ұпаймен еншіледі.

Айта кетейік, топтық кезеңде бірінші және екінші орын алған құрамалар, сондай-ақ әр топта үшінші орынды межелеген құрамалар арасында нәтижесі жоғары ең үздік төртеуі плей-оффқа жолдама алады.

Германиядағы Еуропа біріншілігінде 24 құрама бақ сынап жатыр. Топтық кезең 26 маусымға дейін жалғасса, плей-офф кезеңі 29 маусымда басталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2123277-euro-2024-italiia-quramasy-songgy-minuttarda-gol-sogyp-horvatiialyqtardy-san-soqtyrdy/