Аустрия футбол командасы Еуропа чемпионатының үшінші турында Нидерланд құрамасынан басым түсіп, 1/8 финалға өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
D тобындағы екі құрама Германия астанасы Берлинде кездесті. Тартысты өткен ойында 3:1 есебімен аустриялықтар жеңіске жетті.
Матчтың 6-минутында Нидерланд құрамасының ойыншысы Дониелл Мален өз қақпасына гол соғып алып, қарсылас құрамаға басымдық беріп қойды. Екінші таймда оның командаласы Коди Гакпо (47-минутта) Аустрияның қақпасын дәл көздеп, есепті теңестірді.
Кейін Аустрия құрамасынан Романо Шмид (59-минутта) гол салып, командасын алға шығарды. Бірақ Нидерланд ойыншысы Мемфис Депай (78-минутта) есепті қайта тең қылды. Шешуші голды 81 минутта аустриялық шабуылшы Марсель Забитцер салды.
Осылайша, Аустрия құрамасы D тобында 6 ұпаймен көш бастап, 1/8 финалға жолдама алды. Осы топта екінші орын алған Франция құрамасы мен үшінші орынға жайғасқан Нидерланд құрамасы да плей-офф кезеңінде өнер көрсетеді.
Айта кетейік, футболдан Еуропа чемпионаты Германияның 10 қаласында өтіп жатыр. Топтық кезең 26 маусымға дейін жалғасса, плей-офф кезеңі 29 маусымда басталады. Турнирдің финалы 14 шілдеде Берлиндегі "Олимпиада" стадионында болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2123886-euro-2024-austriia-quramasy-tartysty-oiynda-zhengiske-zhetip-plei-offqa-otti/