Футболдан Англия ұлттық құрамасы топтық кезеңде бірінші орын иеленіп, плей-оффқа жолдама алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Бүгін, 26 маусымда Еуропа чемпионатының топтың кезеңі аясындағы матчтар өтті. С тобында Англия мен Словения құрамалары күш сынасып, 0:0 есебімен тең тарқасты. Десе де Саутгейт бастаған ағылшындықтар топта 5 ұпай жинап, плей-оффқа 1-орынмен шықты.
Еуропа чемпионатына іріктеуде Қазақстан құрамасымен бір топта өнер көрсеткен Дания мен Словения да келесі кезеңге өтті. Дания командасы 3 ойын қорытындысы бойынша 3 ұпай жинап, 2-орынмен шықса, Словения 3-орынмен шықты. Ал осы топта 2 ұпай жинаған Сербия командасы жарысты 4-орында аяқтады.
Кеше, 25 маусымда Еуро-2024 турнирінің D тобында өнер көрсететін Франция мен Польша құрамалары 3-тур аясында кездескен еді. Бұл матчта Франция мен Польша құрамалары да 1:1 есебімен тең тарқасты.
D тобының 3-тур ойындарының нәтижесі бойынша Аустрия 6 ұпаймен, Франция 5 ұпаймен плей-оффқа тікелей жолдама алды. Ал Нидерланд құрамасы 4 ұпаймен 3-орынға жайғасты. Бұл топта Польша құрамасы Еуро-2024 турниріндегі алғашқы ұпайына қол жеткізіп, соңғы орынды еншіледі.
Айта кетейік, топтық кезеңде бірінші және екінші орын алған құрамалар, сондай-ақ әр топта үшінші орынды межелеген құрамалар арасында нәтижесі жоғары ең үздік төртеуі плей-оффқа жолдама алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2123940-euro-2024-angliia-quramasy-toptyq-kezengnen-birinshi-orynmen-shyqty/