jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Ахмет Қамшыбек
    Ахмет Қамшыбек
    Бұрынғы қызметкер

    Еуро-2024: Мбаппе Еуропа біріншілігіндегі алғашқы голын соқты, Польша алғашқы ұпайын еншіледі

    Футболдан Франция және Польша құрамаларының ойыншылары
    Футболдан Франция және Польша құрамаларының ойыншылары. Фото: Kevin C. Cox/Getty Images

    Еуро-2024 турнирінің D тобында өнер көрсететін Франция мен Польша құрамалары үшінші тур аясында кездесті. Бұл матчта Франция мен Польша құрамалары тең тарқасты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Ойын Дортмунд қаласында орналасқан "BVB-Штадион" стадионында өтті.

    Бұл ойынның есебін Франция ұлттық құрамасы ашты. Ойынның 56-минутында Польша қақпасына белгіленген пенальтиді мүлтіксіз орындаған Киллиан Мбаппе Франция құрамасын есепте алға шығарды. Бұл Мбаппенің Еуропа біріншілігіндегі алғашқы голы.

    Ал Польша құрамасының капитаны Роберт Левандовски ойынның 79-минутында пенальти орындап, допты қақпаға дәл тоғытады. Сөйтіп, Польша есепті теңестірді.

    Ойын соңына дейін осы есеп сақталды. Есеп – 1:1.

    Ал осы топта өнер көрсететін Аустрия мен Нидерланд құрамалары үшінші тур аясында кездесіп, аустриялықтар 3:2 есебімен сенсациялық жеңіске қол жеткізді.

    D тобының үшінші тур ойындарының нәтижесі бойынша Аустрия 6 ұпаймен, Франция 5 ұпаймен плей-оффқа тікелей жолдама алды. Ал Нидерланд құрамасы 4 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. Бұл топта Польша құрамасы Еуро-2024 турниріндегі алғашқы ұпайына қол жеткізіп, соңғы орынды еншіледі.

    Айта кетейік, топтық кезеңде бірінші және екінші орын алған құрамалар, сондай-ақ әр топта үшінші орынды межелеген құрамалар арасында нәтижесі жоғары ең үздік төртеуі плей-оффқа жолдама алады.

    Германиядағы Еуропа біріншілігінде 24 құрама бақ сынап жатыр. Топтық кезеңнің ойындары ертең, 26 маусымда аяқталады, ал плей-офф кезеңі 29 маусымда басталады.

    Еуро-2024: Мбаппе Еуропа біріншілігіндегі алғашқы голын соқты, Польша алғашқы ұпайын еншіледі

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram