Грузияның бұрынғы премьер-министрі Бидзина Иванишвили футболдан Грузия ұлттық құрамасы Еуро-2024 топтық турнирінде Португалияны жеңіп, Еуропа чемпионатының 1/8 финалына шыққаны үшін футболшыларға 30 миллион лари (шамамен 5 миллиард теңге) сыйақы береді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ 1tv арнасының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Дереккөздің мәліметі бойынша, Грузияның бұрынғы премьер-министрі ұлттық құрамаға құттықтау жеделхатын жолдады. Онда ол жақын арада Грузия құрамасына 30 миллион лари (10 миллион АҚШ доллары) берілетінін жазған.
Сонымен қатар, миллиардер плей-оффта Испания құрамасын жеңіп, турнирдің келесі кезеңіне шыққан жағдайда футболшыларға қосымша 10 миллион еуроны табыстайтынын уәде етіп отыр.
Айта кетейік, топтық кезеңнің соңғы матчында Грузия Португалияны 2:0 есебімен ұтып, плей-оффқа шығып, тарихи жетістікке қол жеткізген болатын. Енді грузин футболшылары Испания құрамасына қарсы дайындалуда.
Грузия – Испания кездесуі 1 шілдеден 2 шілдеге қараған түні өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2125818-gruziialyq-milliarder-futbolshylardyng-tarihi-zhetistigi-ushin-aqshalai-syiaqy-beredi/