Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду футболдан Еуропа чемпионатының 1/8 финалындағы Cловенияға қарсы ойында пенальтиден мүлт кетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Португалия және Словения командалары арасындағы матчтың негізгі уақытында есеп ашылмады. Сондықтан ойын экстра-таймға ұласты.
105-минутта Словения қақпасына пенальти белгіленді. Алайда Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду гол сала алмады. Оның соққысын қақпашы Ян Облак қайтарды. Осы сәтсіздігінен кейін Роналду көз жасына ерік берді.
Айта кетейік, Португалия – Словения матчының жеңімпазы 5 шілдеде ширек финалда Францияға қарсы ойнайды. Франциялықтар 1 шілдеде Бельгияны автоголдың арқасында жеңіп, келесі кезеңге жолдама алған еді.
Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының 1/4 финалы 5-6 шілдеде, жартылай финал 9-10 шілдеде, ал ақтық мәре 14 шілдеде болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2127174-penaltiden-gol-soga-almagan-ronaldu-koz-zhasyna-erik-berdi-video/