Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұйырмады": "Ақтөбе" клубының футболшысы жанкүйерлерден кешірім сұрады

Жарияланған күні:

Әділхан Таңжарықов
Әділхан Таңжарықов. Фото: instagram.com/fcaktobe_official

"Ақтөбе" футбол клубы УЕФА Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінен өте алмай, еурокубок маусымын аяқтаған еді. Команданың вице-капитаны Әділхан Таңжарықов жанкүйерлерден кешірім сұрады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Ақтөбенің" Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Бір апта бойы осы ойын туралы ойлаумен болдық. Жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтіп, жанкүйерлерімізді қуантқымыз келді. Өздеріңіз көрдіңіздер, бұл ойында бар күшімізді салдық. Пенальти сериясына дейін бардық. Алайда сәттілік жолдас болмады. Үшінші голды соғып, неге бірден өз қақпамызға жібердік? Қорғаныста дұрыс ойнамаған болармыз, білмеймін. Сол эпизодты қайта қарап, саралауымыз керек. Пенальти? Қарсылас, бәлкім, Қасым, Ромеро және Самородов сияқты ылғи пенальти тебетіндердің соққыларына дайындалған шығар. “Ақтөбе” жанкүйерлерінен кешірім сұраймын. Келесі кезеңге өткіміз келді, бірақ бұйырмады", - деді Әділхан Таңжарықов.

Айта кетейік, "Ақтөбе" ұжымы УЕФА Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде босниялық "Сараевоға" қарсы ойнады. Екі команданың алғашқы ойынында "Сараево" 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Ал қарымта кездесуде "Ақтөбе" 1:2 есебімен басым түсті. Дегенмен екі матчтың қорытындысы бойынша жалпы есеп тең болғандықтан, қарымта ойын экстра-таймға, кейін пенальти сериясына жалғасты. Пенальтиде "Сараево" 4:3 есебімен басым түсіп, келесі кезеңге өтті.

Осыған дейін қазақстандық футбол клубтарының 2024/2025 жылғы еурокубок маусымының екінші іріктеу кезеңіндегі қарсыластары анықталғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2136816-buiyrmady-aqtobe-klubynyng-futbolshysy-zhankuierlerden-keshirim-surady/