
"Ақтөбе" футбол клубы УЕФА Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясында босниялық "Сараево" клубымен қарымта кездесу өткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ойын Босния және Герцеговинаның астанасы Сараево қаласында өтті. Матчтың 41-минутында "Ақтөбе" ойыншысы Идрис Умаев есеп ашты. Екінші таймда қарсылас командадан Георгий Гулиашвили (57-минутта) таразы басын теңестірді. Ал 75-минутта ақтөбеліктер сапынан Әділхан Таңжарықов мергендік танытты. Негізгі уақыт 1:2 есебімен аяқталды.
11 шілдеде Ақтөбеде өткен ойында "Сараево" 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Екі матчтың қорытындысы бойынша жалпы есеп 2:2 болғандықтан, қарымта ойын экстра-таймға ұласты. Бұл кезеңде ақтөбеліктер сапынан Жайро Жан (93), ал қарсылас командадан Ренан Оливейра (96) гол соғып, жалпы есеп тағы теңесті. Кейін пенальти сериясында "Сараево" 4:3 есебімен басым түсіп, келесі кезеңге өтті. Ал "Ақтөбе" еурокубок маусымындағы жорығын аяқтады.
Енді "Сараево" ұжымы УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде "Спартак Трнава" (Словакия) клубымен кездеседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2136495-aqtobe-futbol-kluby-konferentsiia-ligasynda-qarymta-kezdesu-otkizdi/