"Атлетико Мадрид" пен Франция командасының шабуылшысы Антуан Гризманн ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
33 жастағы шабуылшы Антуан Гризманн ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағанын Instagram желісіндегі ресми парақшасында мәлімеді.
"Жүрегімдегі жылы естелікпен өмірімнің бұл парағын жабамын. Естен кетпес естеліктер үшін рақмет "үш түстілер". Жақын арада кездескенше", - деді Антуан.
Антуан Гризманн Франция ұлттық құрамасына 2014 жылы қосылған. 10 жыл ішінде 137 матчқа қатысып, 44 гол соққан. Футболшы ұлттық құрама сапында 2018 жылғы әлем чемпионатын, 2021 жылғы Ұлттар лигасын жеңген. 2016 жылы өткен Еуропа біріншілігінің күміс жүлде иегері.
Айта кетейік, Гризманн қазір испаниялық "Атлетико Мадрид" футбол клубының ойыншысы. Биыл мадридтік ұжым Испания чемпионатында әзірге 8 ойын өткізіп, 16 ұпаймен 3-орында келеді. Кеше, 29 қыркүйекте "Реал Мадрид" командасымен өз алаңында 1:1 есебімен тең түсті. Сол кездесуде Антуан 90 минут бойы өнер көрсеткен еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2167629-futboldan-frantsiia-ulttyq-quramasynyng-uzdik-surmergenderining-biri-mansabyn-aiaqtady/