"Қайрат" футзал клубы УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі финалдық ойынын португалиялық "Спортингке" қарсы өткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Кездесу "Балуан Шолақ" кешенінде өтіп, 3:2 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Бірінші таймда Тайнан және Гильерменің күшімен "Спортинг" алға шықты. Кейін Кевин Арриета есеп айырмасын қысқарта алды. Екінші кезеңнің басында Алиссон таблодағы сандарды теңестірді.
Матч аяқталуға 17 секунд қалғанда алматылық қақпашы Деннис бос қақпаға дәл соққы жасады.
Осылайша, "Қайрат" тоғыз ұпай жинап, 4-топты жеңсе, "Спортинг" алты ұпаймен екінші болды. Екі команда да Чемпиондар лигасының элиталық раундына шығуды алдын ала қамтамасыз етті.
Бұған дейін "Семей" футзал клубы венгриялық "Халадас" командасын ұтып, УЕФА Чемпиондар лигасының элиталық кезеңіне соңғы жолдаманы иеленген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2178870-qairat-chempiondar-ligasynyng-negizgi-kezenginde-sportingten-songgy-sekundtarda-zhengisti-zhulyp-aldy/