Футболдан Қазақстан құрамасының ойыншысы Еркін Тапалов алматылық "Қайрат" клубына ауысты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Қайраттың" Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Еркін Тапаловтың "Қайрат" футбол клубымен келісімшарты 2025 жылдың соңына дейін, бір маусымға ұзарту мүмкіндігімен жасалды.
Тапалов – оралдық "Ақжайық" ұжымының түлегі. Ол кәсіпқой мансабын 2011 жылы өзі тәлім алған клубта бастап, онда тоғыз маусым ойнаған. Оған қоса "Жетісудың", "Каспийдің", "Шахтёрдің", "Тұранның", "Қызылжардың" намысын қорғаған, Қазақстан премьер-лигасында жалпы 197 матч өткізген.
31 жастағы жартылай қорғаушы осы маусымды қостанайлық "Тобылда" өткізіп, барлық турнирде 27 матчта ойнап, 2 гол соқты және 4 нәтижелі пас берді. Ол 2019 жылы Қазақстан құрамасы сапында дебют жасап, содан бері ұлттық құрама сапында 17 ойынға қатысқан.
Айта кетейік, "Қайрат" футбол клубы биыл Қазақстан премьер-лигасының чемпионы атанған еді. Алматылық команда соңғы турда "Атырауды" жеңіп, турнир кестесінде 47 ұпаймен көш бастаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2191301-qairat-futbol-kluby-qazaqstan-quramasynda-oner-korsetetin-oiynshyny-satyp-aldy/