Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Instagram желісіндегі ресми парақшасында шабуылшы Абат Айымбетовтің Түркия чемпионатындағы ойынына қуанышты екені туралы жазба қалдырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Кеше, 23 желтоқсанда Абат Айымбетов түркиялық "Адана Демирспор" сапында гол соғып, команданың жеңіске жетуіне көмектесті. Желтоқсан айына дейін гол соға алмаған Абат Айымбетов соңғы үш ойында гол соғып келеді.
Осыған байланысты ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов әлеуметтік желідегі парақшасында шабуылшының ойынына қатысты қазақ тілінде өз пікірін білдірді.
"Абат қуантты! Ойыншыларымыздың еуропалық чемпионаттардағы жетістіктерін ұдайы бақылап отырамын. Кеше шабуылшы Абат Айымбетов Түркиядағы чемпионатында "Адана Демирспор" сапыда гол соқты. Бұл оның үшінші матчтағы үшінші голы.
Міне, бүгін Абатқа қоңырау соғып, жетістігімен құттықтадым. Осы қарқынды төмендетпеуіне тілектестік білдірдім. Ол дарынды жігіт, болашағы алда. Жарайсың, бауырым!" - деп жазды Станислав Черчесов.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та Станислав Черчесовтің Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кететіні туралы ақпарат БАҚ-та тарай бастаған болатын. Алайда сейсенбі күні ҚФФ бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2204373-zharaisyng-bauyrym-cherchesov-aleumettik-zhelidegi-paraqshasynda-qazaqsha-zhazba-qaldyrdy/