"Сібір" хоккей клубының легионерлер саны шектеуден асып кетуіне байланысты соңғы төрт ойынның барлығына техникалық жеңіліс есептелді. Сол төрт матчтың ішінде астаналық "Барысқа" қарсы кездесу де бар. Сәйкесінше қазақстандық клуб екі ұпай еншіледі. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Барыс" хоккей клубының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
ҚХЛ-дың №2 "Авангард" – "Сібір", №13 "Барыс" – "Сібір", №30 "Сібір" – "Барыс", №39 "Сібір" – "Автомобилист" матчтарында заңбұзушылық орын алды. "Сібір" хоккей клубы спорттық регламентті бұзып, жекелей матчтарға берген өтінімдеріндегі "шетелдік ойыншы" статусындағы хоккейшілер санын лимиттен асырып жіберді. Аталмыш матчтарда Энди Андреофф, Тэйлор Бек, Фёдор Гордеев және Тревор Мёрфи "шетелдік ойыншы" мәртебесінде болды.
ҚХЛ-дың регламентіне сәйкес, клубқа айыппұл салынып, команданың қорытынды нәтижелері жоққа шығарылды. Осыған байланысты "Сібір" хоккей клубы техникалық жеңіліс тапты деп есептелді.
№13 және №30 матчтар кезінде "Барыс" командасы "Сібір" клубынан овертайм мен булиттер сериясы аясында болған матчта жеңіліс тапқан еді. Енгізілген өзгерістерге байланысты астаналықтардың қоржыны тағы екі ұпайға толықты.
Осылайша "Барыс" ұжымы ҚХЛ Шығыс конференциясының рейтингінде 44 ұпаймен 11-орында тұр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2056194-qurlyqtyq-xokkei-ligasy-barys-klubynyn-ensisine-eki-upai-qosty/