Құрлықтық хоккей лигасы аясындағы кезекті ойында астаналық "Барыс" клубы өз алаңында Ресейдің "Авангард" (Омбы) командасымен ойнады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Кездесу 1:3 есебімен аяқталып, "Авангард" ұжымының пайдасына шешілді.
Матчтың 16-минутында астаналық команда сапынан Аркадий Шестаков мергендік танытып, есеп ашты. Ал 27-минутта "Авангард" хоккейшісі Михаил Гуляев шайба салса, 3 минуттан соң оның командаласы Николай Прохоркин қақпаны дәл көздеді. Кейін ресейлік клубтың тағы бір ойыншысы Сергей Бойков (59-минутта) үшінші голдың авторы атанды.
Айта кетейік, "Барыс" ұжымы осымен қатарынан алтыншы рет жеңіліске ұшырады. Бұған дейін елордалық команда "Ак Барстан" (Ресей, Қазан) 1:3 есебімен ұтылған еді.
Енді "Барыс" клубы келесі төрт ойынын да өз алаңында өткізеді. 4 және 6 ақпанда "Амур" (Хабаровск) ұжымымен ойнаса, 8 ақпанда СКА (Санкт-Петербург), 10 ақпанда "Спартак" (Мәскеу) клубтарымен кездеседі.
Қазір "Барыс" құрлықтық хоккей лигасының кестесінде 20-орында тұр. Ал "Авангард" 81 ұпаймен 2-орынға көтерілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2058533-barys-xokkei-kluby-tagy-da-zenilip-qaldy/