Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өзімнің мықты екенімді дәлелдеймін": қазақстандық 15 жасар хоккейші америкалық клубқа ауысты

Жарияланған күні:

Темірлан Айболұлы
Темірлан Айболұлы. Фото: gov.kz

АҚШ-тың USPHL Premier дивизионында өнер көрсететін "Шарлотт Раш" хоккей клубы өзінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында 15 жасар Темірлан Айболұлымен күні кеше келісімшарт жасасқаны жөнінде хабарлады. Бұл бірқатар отандық спорт порталында жазылып, аталмыш жаңалықты сүйіншілеп жатқан жайы бар. Осыған байланысты KAZ.NUR.KZ тілшісі жас хоккейші Темірлан Айболұлымен сұқбат құрып, аз-кем тілдесті.

– Темірлан, америкалық "Шарлотт Раш" хоккей клубына сіздің ауысқаныңыз туралы жаңалықты естіп, көпшілік қуанып жатыр. Келісімшарт қалай жүргізілді және бұл мәселеге кімдер мұрындық болды?

– Негізінен, АҚШ-қа барып, сол жақта кәсіби түрде хоккей ойнау деген ой-арман бұрыннан болатын. Маған бұл келісімшартты алғаш "Шарлотт Раш" хоккей клубының жаттықтырушысы Тревор ұсынған екен. Ал аталмыш келісімшарттың мән-жайын маған агентім Асқар Айманбетов түсіндіріп берді. Бір ерекшелігі - Қазақстандағы жастар лигасына хоккейшілерді 16 жастан қабылдайтын болса, АҚШ-та 15 жастан бастап ойнай беруге болады екен. Осы тұрғыдан келгенде, менің жасым да АҚШ-та ойнауға сәйкес келді. Міне осы секілді мәселелерді түпкілікті қарастырып, клубтың орналасқан аймағына, статистикасына, турнирлік кестедегі орнына назар аударып болған соң, белді бекем бууға әрекеттендім. Оның үстіне USPHL Premier лигасында 15-20 жас аралығындағы хоккейшілер өнер көрсетеді. Олардан алар тәжірибе де, біліктілік те мол екені сөзсіз.

– Осы уақытқа дейін "Барыстың" жасөспірімдер құрамында жүйелі ойын өрнегін көрсетіп келдіңіз. 20 ойында 29 (9 гол + 20 ассист) ұпай жинақтадыңыз. Осындай керемет тұғырда жүргеннен кейін, АҚШ-қа барып ортанқол ойыншыға айналып қалудан қорықпайсыз ба?

– Расында "Барыста" жақсы нәтиже көрсеттік. Бірақ АҚШ пен Қазақстан хоккейін салыстыру әзірге ерте. Себебі АҚШ хоккейіндегі перспектива да, жылдамдық та, бәсекелестік те едәуір үлкен. Қазіргі таңда менің жалпы қабілет-қарымымды ашуға Қазақстаннан гөрі Америкада ойнағаным жақсы. Айта кетейін, бұл Америкада ойнауға деген жасаған менің алғашқы қадамым емес, бұдан бөлек те біршама талпыныстар болды. Мәселен бұған дейін Бостон, Кливленд секілді аймақтардағы хоккей клубтары өнер көрсетуге шақырған болатын. Алайда біреуіне үлкен қаражат керек болса, екіншісі орныма басқа ойыншыны алды. Алдағы уақытта "Шарлотт Раш" хоккей клубында өзімнің мықты екенімді дәлелдеймін.

– АҚШ - шалғай жер. Ол жаққа жету, күн көру, кәсіби түрде спортпен айналысу қомақты қаражатты талап ететіні сөзсіз. Дегенмен отандық хоккейге болашақта үлес қосамын деген сізге мемлекет немесе клуб тарапынан қаржылай қолдау болды ма?

– Шынтуайтына келгенде, қаржылық мәселелердің бәрін әкем өзі шешті. Ол кісі арнайы демеушіні тауып, бар шығынды көтеретінін айтты. Мемлекет не клуб тарапынан емес, қаржылық қолдауды жеке компания көрсетті. Нақтырақ айтсам, "BG Engineering" ЖШС компаниясының басшылары Құнанбаев Айдар Шаяхметұлы мен Ибраимов Серік Есенұлы маған сеніп, болашағыма үлкен үмітпен қарады. Жалпы бұл кісілер үнемі қайырымдылықпен айналысатын, дарынды балалардың болашағы үшін үлес қосып жүрген жандар.

Ал жалпы өз ойым, Қазақстанда тегін ойнағаннан гөрі, қанша шығынға батсаң да, АҚШ-та ойнап, тәжірибе жинақтаған тиімдірек. Себебі Америкадағы ойын стилі басқаша. Осы тұрғыда айта кететін жайт - "Шарлотт Раш" хоккей клубы да бізге түсіністікпен қарап, негізгі шығындардың орнын өтеп беретін 90% жеңілдік ұйымдастырды. Бұл үшін мен шексіз қуаныштымын. Олар мені жайдан-жай таңдамағандарын дәлелдейтіндей ойын өрнегін көрсетемін.

– Хоккей - осалдар ойыны емес. Күш пен жігерге құралған бұл спортқа басқан алғашқы қадамдарыңыз туралы айтып берсеңіз...

– Мені хоккейге жетелеп әкелген әкемнің ағасы Әсет еді. Кішкентай күнімде мен тым белсенді болдым және осы энергияға тасып жүрген кезімде Әсет ағам менің ата-анама: "Бұл баланы хоккейге беріңдер", - деп кеңес айтқан екен. Бастапқы уақытта хоккей, коньки деген нәрселер ұнамайтын, себебі үнемі құлай беретінмін. Ал қасымдағы балалар шыр айналып жүретін. Алайда уақыт өте келе конькиде емін-еркін сырғанап, өзімнің қатарластарымның алды бола бастадым. 6 жасымнан бастап баптаған жаттықтырушым Комиссаров Антон Андреевичке айтар алғысым шексіз. Менің потенциалымның толыққанды ашылуына, қабілетімнің толысуына барынша жүйелі жұмыс жүргізді. Одан кейін қазіргі жаттықтырушым Қайдаров Рамазан Қанашевич хоккейде тұлға болуыма үлкен үлес қосып жатыр. Жалпы ойлап қарасам өмірімде жақсы жандар көп жолығыпты.

– Байқағанымыз сіз үнемі "8", "28", "88" сияқты нөмірлі жейделер киеді екенсіз. Шамасы, ырымшыл секілдісіз...

– Кісі айтарлықтай ырымшыл адам емеспін. "8" деген санның өзі – шексіздіктің белгісі ғой. Өзіме қатты ұнайды.

– Сіз әлі потенциалы бойында тасып тұрған жас хоккейшісіз. Әлбетте жас болған соң, жол сілтер, жөн болар жандарға қарап, бой түзейсіз. Өмірдегі, хоккейдегі басты темірқазығыңыз кім?

– Өмірде әкемнен артық жан жоқ. Осы уақытқа дейін менің болашағым үшін жасаған дүниелерін санамалап шығар болсақ, есебіне жете алмайтын шығармыз. Сол себепті өмірлік үлгі тұтар тұлғам - әкем. Ал хоккейде Әлихан Әсетов пен Кейл Макарға көп еліктеймін. Әлихан Әсетовтың табандылығы мен ішкі жігері мықты. Ал Кейл Макардың шайбамен жүруі, өткір ойыны мені таңқалдырады. Аға буын хоккейшілердің осы бір қарым-қабілеттеріне қызыға қарайтынымды жасырмаймын.

– Қазір USPHL Premier лигасына тыңғылықты дайындық жүргізіп жатқан шығарсыз. Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Иә, қазір Қазақстанда дайындалып жатырмын. Кезекті маусым қыркүйек айында басталады. Соған дейін үздіксіз жаттығу жасап, жақсы формада баруды көздеп отырмын. "Шарлотт Раш" хоккей клубымен жасасқан келісімшартым 1 жылға мөлшерленген. Осы уақыт аралығында өзімді жақсы жағымнан көрсету қажет болып тұр. Болашақта АҚШ хоккейінің жоғары лигасы саналатын НХЛ-де өнер көрсету де басты армандарымның бірі. Сондай-ақ алдағы уақытта ұлттық құрама сапында да жақсы жетістіктерге жетуге тырысамын. Түйіндейтін болсам, өз армандарымның шындыққа айналуына барымды саламын.

– Сізге көп рақмет! Сәттілік тілейміз!

Айта кетейік, жақында хоккейден әлем чемпионатында Қазақстанның тумасы Бертан Демирделен Түркия құрамасының сапында дебют жасаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2117649-ozimning-myqty-ekenimdi-daleldeimin-qazaqstandyq-15-zhasar-hokkeishi-amerikalyq-klubqa-auysty/