"Барыс" пен хоккейден Қазақстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы Илья Соларев Legalbet.kz сайтына берген сұқбатында Нұрлан Оразбаевтың клубтың бас директоры қызметіне оралуы туралы пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
17 қазанда елордалық "Барыс" хоккей клубының бас директоры қызметіне Нұрлан Оразбаев тағайындалған болатын.
"Нұрлан Сайранұлы Оразбаевтың "Барысқа" қайта оралуы – оң қадам болды. Оның клубты жақсы білетін тәжірибесі команданы қалпына келтіру мен дамытуда шешуші рөл атқаруы мүмкін.
Соңғы екі маусымда "Барыс" турнирлік кестенің соңғы орындарында жүр. Бос трибуналар, Астанада хоккейге деген қызығушылықтың айтарлықтай төмендеуі – бұл команданың өзгеріске мұқтаж екенін көрсетті. Нұрлан Оразбаев клубтың құрылымын қалай құрып, талантты ойыншыларды қалай тарту керегін жақсы біледі.
"Барыстың" алғашқы президенті болған кезінде ол үлкен жетістіктерге жетті, команда әсерлі ойын көрсетіп, Астанада хоккей жанкүйерлер арасында кеңінен танымал болды. Трибуналар толы болатын. Менің ойымша, Нұрлан Сайранұлы Қазақстанның үздік клубын қайта қалпына келтіріп, "Барысқа" бұрынғы қауқарын қайтаруға қабілетті", - деді Илья Соларев.
Айта кетейік, Илья Соларев 2007-2011 жылдар аралығында, сондай-ақ 2012/2013 және 2015/2016 маусымдарында "Барыс" хоккей клубында ойнады. Ол Қазақстан құрамасының сапында бес әлем чемпионатына қатысқан.
Ал Нұрлан Оразбаев "Барыс" хоккей клубының президенті қызметін 2006-2012 және 2013-2015 жылдары атқарған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2177247-klub-ozgeriske-muqtazh-barystyng-buryngy-oiynshysy-komandanyng-zhanga-basshylygy-turaly-pikir-bildirdi/