27 жастағы канадалық хоккейші Уэйд Эллисон астаналық "Барыс" хоккей клубынан ресми түрде кетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ клубтың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Елордалық "Барыс" хоккей клубы Уэйд Эллисонмен келісімшартты тоқтатқанын мәлімдеді. Келісімшарттың орта жолда бұзылуына байланысты "Барыс" хоккей клубы канадалық ойыншыға өтемақы төлейді.
Канадалық хоккейші Уэйд Элиссон Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионаты аясында "Барыс" клубы сапында 12 матч өткізіп, 2 гол соқты. Уэйд Эллисон шабуылшы позициясында өнер көрсетті.
"Барыс" Уэйд Элиссонге клубта өткізген уақыты үшін алғыс айтып, алдағы мансабында сәттілік тілейді", - делінген команданың ресми мәлімдемесінде.
Сондай-ақ бұған дейін "Барыс" хоккей клубы барлық солтүстік америкалық ойыншымен қош айтысқан болатын. Сонымен бірге Елордалық "Барыс" хоккей клубы қорғаушылар Натан Больё мен Уилл Бутчер, сондай-ақ шабуылшы Майкл Маклаудпен келісімшартын үзгенін мәлімдеген еді.
Айта кетейік, кеше, 4 қарашада "Барыс" өз мұз айдынында ресейлік "Нефтехимик" командасын қабылдады. Нәтижесінде буллитке дейін ұласқан ойында астаналықтар 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2183039-barys-hokkei-kluby-kanadalyq-oiynshymen-qosh-aitysty/