
Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы төртінші кездесуін өткізіп, жеңіске жетті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жапониямен кездесу Харбин мұз стадионында өтіп, Олег Болякин шәкірттері 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Қарсыластар бірінші болып есеп ашты. Бастапқы кезеңнің екінші минутында Масато Окубо қазақстандық голкипер Андрей Шутовтың қақпасына гол соқты. Ұлттық құрама бірінші кезеңнің 15-минутында Александр Борисевичтің голымен есепті теңестірді.
Екінші жиырмаминуттық кезеңде Әділ Бекетаев пен Евгений Рымырев, үшінші кезеңнің басында команда капитаны Роман Старченко гол соғып, команданы жеңіске жетелей түсті – 4:1.
Есеп матч соңына дейін өзгеріссіз қалды, осылайша қазақстандық хоккейшілер 2025 жылғы Азия ойындарындағы төртінші жеңісіне қол жеткізді.
Ұлттық құрама максималды 12 ұпай жинап, А тобында бірінші орынға жайғасты.
Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 10 ақпан күні Оңтүстік Кореяға қарсы өткізеді. Кездесу шамамен Қазақстан уақыты бойынша сағат 9:00-де басталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2219007-hokkeiden-qazaqstan-quramasy-2025-zhylgy-aziia-oiyndarynda-zhaponiiany-shang-qaptyrdy/
Пікірлер жүктелуде