Аралас жекпе-жек шебері Қуат "Найман" Хамитов жаңа видео жариялап, өз әрекетін түсіндірді. Оның сөзінше, роликті әзіл үшін түсірген деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.
Атақты спортшының видео-үндеуі Instagram әлеуметтік желісіндегі zakoonn парақшасында жарық көрді.
"Ассалаумағалейкум қазақстандықтар. Дезинфекция туралы тараған видео қалжың ретінде түсірілген. Мен ешкімді жаппай көтеріліске шақырмаймын және ондай әрекет істемеңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын", - дейді "Найманв" өз мәлімдемесінде.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Алматы полициясы Қуат Хамитовты қамауға алғанын жазған едік.
ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, азамат Хамитовтың қатысуымен түсірілген видео зорлық-зомбылыққа шақырған.
Факт еліміздің Қылмыстық кодексінің 272 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне алынған.
Кейінірек ішкі істер министрлігі атақты спортшы, аралас жекпе-жек шеберінің ұсталуына қатысты пікір білдірді.
Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораз онлайн брифинг барысында айтты.
"Бұл азамат әлеуметтік желі арқылы азаматтарды заңсыз әрекеттерге үндейтін видео жариялаған. Бұл - тікелей заң бұзушылық. Мұндай әрекеттерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ішкі істер министрлігі жалған ақпараттарды таратпауға және ресми дереккөзге сенуге шақырады", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/1874368-kteriliske-sakyrmajmyn-hamitov-zelidegi-videosyna-katysty-tsinikteme-berdi/