
Италиялық диджей Франческо Факкинетти өзіне ирландиялық аралас жекпе-жек шебері Конор Макгрегор шабуыл жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол өз Instagram парақшасында жазды.
Италиялықтың сөзінше, спортшы оған еш себепсіз жұдырық ала жүгірген, осылайша ондаған куәгердің алдында мұрнын сындырған. Енді диджей ирландиялықты сотқа беремін деп отыр.
Факкинеттидің жұбайы Макгрегор Италияда 26 қазанға дейін болатынын айтты. Ол файтерді қатігез әрі қызуқанды деп айыптап, бәрін одан алыс жүруге шақырды.
Айта кетейік, Конор Макгрегор октагонға осы жылдың шілде айында шықты. Ол кездесуде америкалық Дастин Порьеге есе жіберді. Ирландиялықтың қоржынында 28 жекпе-жек бар. Ол 22 рет жеңіске жетіп, алты рет ұтылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/1937587-aigili-didzei-ozin-konor-makgregor-soqqyga-zyqqanyn-malimdedi/