UFC президенті Дана Уайт ММА жұлдызы Конор Макгрегордың келесі жекпе-жегі туралы ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ MMA Fighting порталының Twitter-дегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Осыған дейін Конордың америкалық спортшы Майкл Чендлермен кездесуі 29 маусымда өтетіні белгілі болған еді.
Дана Уайт UFC 297 турнирінен кейін өткен баспасөз мәслихатында ирландиялық аралас жекпе-жек шеберінің октагонға қайтып оралуы туралы сұраққа жауап берді.
"Жекпе-жек маусым айында ма? Жоқ, Конор дайын болғанда уақытын айтамыз", – деді UFC президенті.
Еске салайық, Конор 2021 жылдың жазынан бері бірде-бір кездесу өткізбеді. Соңғы жекпе-жегінде америкалық файтер Дастин Порьеден жеңіліп, аяғын сындырып алды.
Осыған дейін ирландиялық спортшы әлеуметтік желіде алдағы жекпе-жекке дайындығын көрсеткен еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2056666-dana-uait-faiter-konor-makgregordyn-kelesi-zekpe-zegi-turaly-malimdeme-zasady-video/