AMC Fight Nights лигасының президенті Камил Гаджиев қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуров пен ресейлік әнші MACAN арасында жекпе-жек болуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Камил Гаджиевтің Youtube-тағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жақында Камил Гаджиев Hustle Show Youtube арнасында стендап-әзілкеш Нұрлан Сабуров пен рэп орындаушы MACAN арасында жекпе-жек ұйымдастыруға дайын екенін мәлімдеген еді.
"Осындай жекпе-жекті елестетіп көріңдерші, Нұрлан Сабуров MACAN-ға қарсы. Елде қандай дүрбелең болады десеңші. Гонорар жағына келсек, әрине, біз 100 миллион рубльден шығара алмаймыз, бірақ 30 миллион болады. Мен ертең-ақ келісімшарт жасауға дайынмын" — деді Гаджиев.
Кейін Youtube-тағы ресми арнасында аталмыш жекпе-жекті ұйымдастыруда қандай қиындықтар болатынын айтты.
"Мен бұл жекпе-жектің болатынына сенбеймін. Бірақ 30 миллион жігіттерге аз болып көрінетін шығар деп ойлағаннан емес. Себебі Нұрлан MACAN-мен жұдырықтасуы үшін ол сияқты күн сайын жаттығуы керек. Енді Нұрланның уақыты қайда кететінін білесіздер. Түсірілімдер, медиа және қоғамдық жұмыстар. Қазір ол жекпе-жекке бас қатыра ала ма? Әрине, жоқ. Мен бұл жекпе-жек болмайды деп ойласам да, Нұрланға ұсыныс жеткізуге міндеттімін және оны жасап көремін", — деді Гаджиев.
Еске салайық, осыған дейін Камил Гаджиев қазақстандық файтер Арман Оспановты октагонға қайтару бойынша келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2056779-nurlan-saburov-reseilik-ansimen-zekpe-zekke-syguy-mumkin/