Қазақстандық файтер Бекзат Алмахан (17-1) UFC промоушенімен келісімшарт жасасты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Бекзат Алмаханның Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бекзат Алмахан Орталық Азияның үздік промоушендерінің бірі Octagon-да жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. Кәсіпқой мансабында жалпы есепте 18 жекпе-жек өткізіп, тек біреуінде ғана есе жіберген. Десе де соңғы 9 жұдырықтасуында жеңіс тұғырынан көрінген.
26 жастағы спортшы Тараз қаласында дүниеге келген. Бекзат мектеп бітіріп Алматыға оқуға түскенше каратэмен шұғылданды. Кейін оңтүстік астанаға келген соң ММА спортын таңдады. Аралас жекпе-жектегі дебютін 2016 жылы Zhekpe-zhek лигасында өткізді. Қатарынан 3 кездесуде жеңген соң, Alash Pride промоушенінде жұдырықтаса бастады.
Айта кетейік, Бекзат Алмахан енді UFC промоушенінің жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Осы дивизионның қазіргі чемпионы – Шон О’Мэлли.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2058405-ufc-ge-tagy-bir-qazaqstandyq-faiter-qosyldy/