Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов қандай жағдайда спортты тастап кететінін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлының Youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Шавкат Рахмонов жекпе-жекке шыққандағы сезімі жайлы айтты.
"Жекпе-жекке жай төбелесіп, жеңілемін деген оймен шықпаймын. Бар күшімді көрсетемін. Мен жеңілемін немесе қарсыласым жеңіледі деген оймен шығамын. Сол үшін шығар жеңіске жетіп жатқаным. Егер осындай ойым болмаса мен шықпай-ақ қоямын. Мотивациям жоғалса, мінез жағынан басқаша ойлайтын болсам, спортты тастап кетемін. Мен жекпе-жекке шығып, біреулерден таяқ жеп жүретін адам емеспін. Намысым жібермейді", – деді Шавкат Рахмонов.
Қазақстандық файтер спорттық мансабын аяқтаған соң немен айналысатынын да сөз етті.
"Кәсіппен айналысқан дұрыс қой. Өзіңе-өзің бастық боласың. Ал мемлекеттік қызметке менің сабырым жетпейтін сияқты. Бірақ уақыт көрсетеді. Жақсы ұсыныс болса, күшім жететіндей немесе пайдам тиетіндей жұмыс болса жасаймын", – деді Шавкат Рахмонов.
Еске салайық, осыған дейін UFC-дің президенті Шавкат Рахмоновқа қарсылас таңдағанын жазғанбыз. Қазақстандық файтер соңғы жекпе-жегінде Стивен Томпсонды екінші раундтың соңына қарай тұншықтыру әдісімен жеңген еді. Бұл кездесу өткен жылы 17 желтоқсанда UFC 296 турнирі аясында Лас-Вегас (АҚШ) қаласында болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2061566-tayaq-zep-zuretin-adam-emespin-savkat-raxmonov-qandai-zagdaida-sporttan-ketetinin-aitty/