Шавкат Рахмоновтың менеджері Саят Абдрахманов UFC чемпионы Леон Эдвардсқа қарсы жекпе-жекке қатысты сыбыстарға жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Vesti.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Осыған дейін Шавкат Рахмонов Леонға қарсы жекпе-жектен бас тартқанын жазған едік. Алайда файтердің ресми өкілі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Біз Леон Эдвардсқа нақты кімді қарсылас ретінде ұсынғанын білмейміз. Бар айтарым – ондай ұсыныстан бас тартқан жоқпыз. Өйткені бізге ондай ұсыныс түскен де жоқ. Сол себепті Шавкат ол жекпе-жектен бас тартты деп айтуға болмайды. Ресми түрде ұсыныс жасалмады. Қазіргі таңда Шавкат әлі де жарақатынан айығып жатыр. Әзірге оның октагонға қашан оралатынын білмейміз", – деді Саят Абдрахманов Vesti.kz порталына берген сұхбатында.
Еске салайық, UFC 298 турнирінен кейін өткен баспасөз маслихатында Дана Уайт үш файтерге жартылай орта салмақ чемпионы Леон Эдвардсқа қарсы жекпе-жек ұсынғанын айтқан еді. Алайда үшеуі де бас тартқан көрінеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2061959-savkatqa-usynys-kelgen-zoq-qazaqstandyq-faiterdin-okilderi-resmi-malimdeme-zasady/