Аустралиялық аралас жекпе-жек шебері Джек Делла Маддалена қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновқа қарсы жекпе-жек туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ESPN MMA Youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Менің Шавкатты жекпе-жекке шақырғаным неге бәрін таңғалдырып жатқанын түсінбеймін. Мен "Үміткерлер шоуы" мен UFC-дегі алғашқы жеңісімнен бері оны жекпе-жекке шақырып келемін. Шавкатты үнемі бақылап отырамын, оның жас екенін және шамамен менің құрдасым екенін білемін. Ол бүкіл қарсыласын жеңді. Маған керегі де сол.
UFC-ден ресми ұсыныс түспеді. Бірақ олар да Шавкат екеуіміздің жекпе-жегіміз бәрібір өтетінін түсініп отыр деп ойлаймын. Олар ыңғайлы уақытты күтіп отыр. Мен ыңғайлы уақыт қазір деп санаймын.
Мен Шавкат тамыздың басында жекпе-жекке шыққысы келетіні туралы ақпаратты оқыдым. Өйткені ол жарақатынан айығуы керек. Менің де қазір жарақатым бар. Бірақ тамызға дейін жазыламын деп ойлаймын. Сондықтан тамызда ма тамыздың ортасында ма бізді не күтіп тұрғанын кім білсін?!", – деді Мадделена.
Сондай-ақ аустралиялық файтер Шавкат Рахмоновты жеңетініне сенімді екенін айтты.
"Менің шыдамым мен таймингім мықты. Дәл керек кезде шешім қабылдай аламын. Бірақ иә, ол – қиын қарсылас, мен өте қиын жекпе-жек болатынын білемін. Сол үшін оңай болады деп қол қусырып отырмаймын. Бірақ мен оны ұруға болатын көптеген сәтті көріп тұрмын. Ол Джефф Нилмен айқаста ең күшті соққыларды ұстай алатынын көрсетті. Бірақ Шавкаттың соққыларында саңылау бар. Мен оны жеңіп кете аламын деп ойлаймын.
Маған қазақстандықтардың назар аударғаны ұнайды. Мен Шавкатты жеңіп, Қазақстанға барғым келеді. Ол жақты көрсем деймін", – деді Джек Делла Маддалена.
Еске салайық, Джек Делла Маддалена Майамиде (АҚШ, Флорида штаты) өткен UFC 299 турниріндегі жеңісінен кейін октагонда тұрып Шавкат Рахмоновты жекпе-жекке шақырған еді. Кейін Шавкат бұл шақыруға жауап берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2070549-savkatty-zenip-qazaqstanga-bargym-keledi-ufc-degi-uzdik-faiter-malimdeme-zasady/