Америка-палестиналық аралас жекпе-жек шебері Белал Мухаммад англиялық файтер Леон Эдвардсты жеңіп, жартылай орта салмақта UFC-дің жаңа чемпионы атанды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Жекпе-жек Манчестердегі (Англия) UFC 304 турнирінің басты оқиғасы болды. Эдвардс жартылай орта салмақтағы чемпиондық атағын қорғады (77,1 кг). Бес раундқа созылған титулдық кездесуде төрешілердің шешімімен Белал Мухаммад басым түсті (48-47, 48-47, 49-46).
Осылайша, Белал мансабында 24-рет жеңіске жетіп, чемпиондық белбеуді иеленді. Ал Эдвардс ММА-да төртінші мәрте жеңіліске ұшырап, титулынан айырылды.
Жекпе-жектен кейін Шавкат Рахмонов жаңа чемпионға X желісіндегі ресми парақшасында үндеу жасады.
"Жеңісің құтты болсын, Белал! Сен сөзіңде тұрып, дайын болғаныңда чемпиондық титулыңды маған қарсы жекпе-жекте қорғайсың деп үміттенемін, чемпион", - деп жазды Рахмонов.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде үшінші орында тұр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2140833-shavkat-rahmonovtyng-salmagynda-ufc-ding-zhanga-chempiony-anyqtaldy/