UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы америкалық Белал Мухаммад титулын қорғау үшін отандасы Камару Усманнан гөрі қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновпен жекпе-жекке шығуды жөн көретінін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
"Егер Усман Хамзаттан жеңілмегенде, мен онымен төбелесуге келісер едім. Егер ол тек Леон Эдвардстан жеңілгеннен кейін маған келсе, оның шақыртуын қабыл алуға дайын болдым. Бірақ өздеріңіз білесіздер, ол соңғы үш жекпе-жегінде де жеңіліп қалды. Енді кемі бір жекпе-жек жеңсе, мен ойланып көремін. Сондықтан қазір Шавкатпен төбелескенім дұрыс.
Бәрі Шавкат ешқашан жеңілмеген мықты деп ойлайды. Маған Шавкаттың мыңдаған жанкүйері Instagram-да да пікір жазып жатыр. Мен Шавкатты жеңіп, олардың аузын жабамын, олардың пікірі дұрыс емес екенін дәлелдеймін.
Менің соңғы 6-7 жекпе-жегімде жанкүйерлердің бәрі "сені өлтіреді" деп пікір жазып жатты. Мен бәрінде жеңіске жеттім. Осы жолы да Шавкатпен шығамын да, оны жеңемін. Сонда ешкімнің артық ауыз әңгімесі болмайды.
Егер қазір Усманды жеңсем жұрт тағы "ол соңғы үш кездесуінде жеңілген, ол әлсіз, тізесі ауырады, бомжды жеңдің" деп шулайды. Ал егер Шавкатты жеңсем бәрінің аузына құм құйылады. Ол жеңілмеген және барлық жеңісіне мерзімінен бұрын жеткен. Сондықтан да қазір менің жоспарым Шавкатпен жекпе-жек өткізу", - деді Белал Мухаммад Youtube желісіндегі Submission Radiо арнасына берген сұқбатында.
Айта кетейік, Белал Мухаммад шілдеде англиялық файтер Леон Эдвардсты жеңіп, жартылай орта салмақта UFC-дің жаңа чемпионы атанған еді. Ал Шавкат Рахмонов соңғы рет 2023 жылы желтоқсанда октагонға шығып, америкалық файтер Стивен Томпсоннан басым түскен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2156496-shavkattyng-zhankuierlerining-auzyn-zhabamyn-ufc-chempiony-qazaqstandyq-faiterge-ses-korsetti/