Қысқы Олимпиада ойындарында ту ұстап шыққан қазақ спортшылары туралы не білеміз
Опубликовано:
2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д'Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Төрт жылдықтың басты додасына Қазақстан құрамасының спортшылары да қатысады. Осы орайда Туризм және спорт министрлігі қысқы Олимпия ойындарында ту ұстап шыққан қазақ спортшылары туралы ақпарат ұсынады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен қысқы Олимпиадада ойындарына Қазақстан тәуелсіз ел ретінде қатысты. Байрақты бәскеде көк туды трамплиннен секіруші, еліміздің төрт дүркін чемпионы, ТМД елдері кубогінің иегері Қайрат Биекенов ұстап шықты. Ол Олимпиадада 90 метрлік трамплиннен секіруде 48-орыннан (157,5 ұпай), ал 120 метрлік трамплиннен секіруде 58-орыннан көрінді (35,2 ұпай).
1998 жылы Жапонияның Нагано қаласындағы қысқы Олимпиадада көк туды ұстау мәртебесі Лиллехаммерде Қазақстан қоржынына үш жүлде салған шаңғышы Владимир Смирновқа бұйырды. Владимир Смирнов Наганода да жүлдегерлер қатарынан көрініп, Олимпиаданың қола жүлдесін иеленді.
2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында ұйымдастырылған XIX қысқы Олимпия ойындарында Қазақстан байрағын конькимен жүгіру өкілі Радик Бикчентаев ұстап шықты. Радик Бикчентаев сол кездегі құрамадағы екі Олимпиадаға қатысқан (1994, 1998) тәжірибелі спортшылардың бірі еді. 1 500 және 5 000 метрге жарыста отандасымыз 19-орыннан көрінді.
2006 жылы Италияның Турин қаласындағы Олимпиадада еліміздің көк туын хоккейші Александр Корешков ұстады. Туриндегі шайбалы хоккей бәсекесінде Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде "В" тобында сынға түсіп, алты құраманың ішінде екі ұпаймен бесінші орын алды. Ал Олимпиаданы 9-орынмен қорытындылады.
2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен қысқы Олимпиадада Қазақстанның туын биатлоншы Диас Кенешев ұстап шықты. Эстафета сайысында құрамында Диас Кенешев бар Қазақстан командасы мәреге 18-ші болып жетті.
2014 жылы Сочи Олимпиадасында көк туды шаңғышы Ердос Ахмадиев ұстап шықты. Ол шаңғы жарысында 50 шақырымдық қашықтықта сынға түсіп, мәреге 48-ші болып келді.
2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасында Қазақстанның көк туы шорт-трекші Абзал Әжіғалиевке табысталды. Әжіғалиев Оңтүстік Кореядағы ойындарда 500 метрге жарыста мәреге 9-шы болып жетті.
2022 жылғы Бейжіңдегі қысқы Олимпиадада Қазақстанның байрағын шорт-тректен Әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев және конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова ұстады. Қытайдағы додада Абзал 500 метрге жарыста 4-орын алса, Екатерина Айдова 1 500 метр жарыста 18-орыннан көрінді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2319308-qysqy-olimpiia-oiyndarynda-tu-ustap-shyqqan-qazaq-sportshylary-turaly-ne-bilemiz-foto/