Бүгін XXV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатын қай телеарнадан көруге болады
Опубликовано:
Бүгін, 6 ақпанда Италияда XXV қысқы Олимпиада ойындарының жалауы желбірейді. Әлемнің басты қысқы спорт додасын Jibek Joly телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Kazinform агенттігінің жазуынша, қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де Милан қаласы мен Ливиньо қар саябағында бір мезгілде өтеді.
Ашылу рәсіміне әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар қатысып, өз елдерінің туларын алып шығады.
Спортшылар шеруі бір уақытта төрт түрлі алаңда ұйымдастырылады. Негізгі салтанатты кеш Милан қаласындағы әйгілі "Сан-Сиро" олимпиадалық стадионында өтеді.
Қазақстан туын шорт-трекші Денис Никиша мен фристайл-могул шебері Аяулым Әмренова алып шығады.
Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімін ел тұрғындары Астана уақыты бойынша сағат 23:20-ден бастап Jibek Joly телеарнасынан тікелей эфирден көре алады.
Айта кетейік, 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада ойындарында 36 спортшы ел намысын қорғайды. Олар 10 спорт түрінен бақ сынайды.
24KZ-тің мәліметінше, команда құрамында ерлер мен әйелдер саны тең яғни – 18 ер, 18 әйел спортшы.
Ұлттық құрамадағы ең жас спортшы – фристайл-акробатикадан сынға түсетін Асан Асылхан, ол небәрі 16 жаста. Ал ең тәжірибелі әрі жасы үлкен спортшы – шорт-трекші Абзал Әжғалиев. Оның жасы 33-те.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2340321-xxv-qysqy-olimpiada-oiyndarynyng-ashylu-saltanatyn-qai-telearnadan-koruge-bolady/