Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша алқа мәжілісі өтті

Опубликовано:

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы
Фото: ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы

Қазақстан республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласында ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша алқа мәжілісі өтті.

Ұлы дала төсінде аттың жалында ойнаған бабалар мирасы - ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, байрақты бәсекелерде топ жарар сәйгүліктерді баптап, спортшыларды дайындау сынды сүбелі мәселелер ортаға тасталды.

Сондай ақ, бүгінгі мәжілісте ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлы мен президенті Бекболат Тілеуханның ұсынысымен Шымкент қаласы бойынша ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті болып Нұралы Давлетяров тағайындалды.

Ұрпақтар үндестігін паш етіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған бұл басқосуға ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бас хатшысы Ибрагимов Нұрсұлтан Құдайбергенұлы мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының көкпар федерациясының президенті Имашев Мұхтар Есенбекұлы қатысты. Басқосуға жиналғандар да Нұралы Абдирахимұлының кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Түркістан облысы Келес ауданы Алпамыс батыр ауылдық округі Қауыншы ауылында дүниеге келген Нұралы Давлетяров ұлттық спорттың нағыз жанашыры. Әсіресе ат спортына деген сүйіспеншілік әкенің қаны, ананың сүтімен берілген.

Бала кезден аттың құлағында ойнап, Қамбар ата түлігін танып өскен оның Оңтүстік өлкеде спорттың дәл осы түрін дамытуға деген құлшынысы зор. 

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы
Фото: ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы

"Ұлттық спорт – еліміздің имиджін көтеруге және жастардың отансүйгіштік сезімін арттырудың таптырмас құралы болып отыр. Қазіргі таңда республикамыздың барлық аймақтарында ұлттық спорт жаңғыртылып, клубтар құрылып, мықты командалар жасақталған. Іргелі істер мұнымен тоқтамайды, жаһандық дамудың жаңа дәуренінде – ұлттық спортымыз да жаңа деңгейге көтерілді. Біз ата-салтымыз бен ұштасқан спортты кеңінен дәріптеліп, жоғары сапада болуына барымызды саламыз. Осы жауапкершілікті сезіне отырып, ұлттық спорттың өркендеуіне, оған деген жастар қызығушылығын арттыруға, және өңірдегі ұлттық спорт мәселелерін оң шешілуіне аянбай қызмет ететін боламын,"- деді алқа мәжілісінде сөз алған Нұралы Давлетяров.

Мақсат айқын, жоспар нақты екендігін айтқан Нұралы Абдирахимұлы Шымкентте көкпар құрама командасын жасақтап жоғары лигаға көтеруді көздейді. Бәйге, теңге ілу, жамбы атуда да алға ұмтылып, аттардың бабына дейін жіті мән берілетінін айтты. 

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының көкпар федерациясының президенті Имашев Мұхтар Есенбекұлы да ат спортының дамуы мен өрлеуінде Нұралы Абдирахимұлына үлкен сенім артатынын білдірді.

Еліміздің үшінші мегаполисі атанғалы енді үш жыл болған Шымкент қаласында ұлттық спорт түрлері дамытуға қауымдастық пен жергілікті билік бірлесе отырып жұмыс істеп жатыр.

"Енді құрылысы басталған ипподром пайдалануға берілген кезде Шымкентте халықаралық талаптарға сай келетін дүлдүлдер додасын өткізе алатындай мүмкіндік болады. Ұлттық спорт түрлерінің өрлеуіне сеп болады деп сенеміз. Өз алдына мегаполис болғанына көп уақыт өтпесе де Шымкенттің намысын қорғап, Ұлттық спорт түрлерінен жүлдегер атанған спортшыларымыз да жоқ емес,"- деді Шымкент қаласы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасының басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Тұманбаев.

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бас хатшысы Ибрагимов Нұрсұлтан Құдайбергенұлы Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан ұлттық спорт түрлерінің дамуына үлкен қолдау көрсетіп жатқанын да тілге тиек етті. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1913887-symkentte-ulttyq-sport-turlerin-damytu-boiynsa-alqa-mazilisi-otti/

pixel